Аңдатпа
Демографиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық ресурстардың даму деңгейіне байланысты облыстар арасында ауылдық жерлерде жастар кәсіпкерлігін дамыту әлеуеті бойынша бірқатар айырмашылықтар болуы мүмкін. Оларды анықтау жергілікті жағдайға неғұрлым бейімделген жас кәсіпкерлерді қолдау іс-шараларын әзірлеп, іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл зерттеу жұмысының мақсаты – кластерлік талдау арқылы Қазақстан Республикасы облыстарының әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық көрсеткіштерінің негізінде олардың жастар кәсіпкерлігін дамыту әлеуетін анықтау. Әдебиеттерді талдау нәтижесінде ауылдық жерлердегі жастар кәсіпкерлігіне ықпал ететін индикаторлар және көрсеткіштер жиынтығы құрастырылды. Әрбір көрсеткіш бойынша сандық деректер Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мәліметтері негізінде жинастырылып, талдау жасалынды. Кластерлік талдау нәтижесінде облыс топтары анықталды. Әрбір кластерге тән күшті және әлсіз жақтары анықталып, олардың ауылдық жерлерде жастар кәсіпкерлігін дамыту әлеуеті бағаланды. Анықталған артықшылықтар мен әлсіз жақтарына негізделе отырып, жас кәсіпкерлерді ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Түйін сөздер
жастар кәсіпкерлігі, ауылдық кәсіпкерлік, жас кәсіпкерлер, ауылдық жерлер, жастар кәсіпкерлігін дамыту әлеуеті деңгейі бойынша облыстар кластерлері, жастар кәсіпкерлігінің деңгейі.