Аңдатпа
Бұл мақалада Маңғыстау өңірінің мұнай-газ саласының жаһандық энергетикалық трансформация жағдайындағы даму перспективалары қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі көмірсутекке тәуелді аймақтардың жаңартылатын энергия көздеріне көшу кезеңінде экономикалық тұрақтылығын сақтау қажеттілігімен байланысты. Жұмыстың негізгі мақсаты – өңірдің мұнай-газ кешенінің жаңа энергетикалық жағдайларға бейімделу әлеуетін талдап, ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындау. Зерттеу барысында жүйелік, салыстырмалы және статистикалық талдау әдістері қолданылды. Талдау нәтижесінде Маңғыстау мұнай секторы ел экономикасында маңызды орын алатыны анықталды, алайда декарбонизация үрдістері оның дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді. Сонымен қатар кен орындарын технологиялық жаңғырту арқылы олардың пайдалану мерзімін ұзарту мүмкіндігі негізделді. Өңірдің тұрақты дамуы үшін энергетикалық әртараптандыру, сутегі энергетикасын дамыту және цифрландыру негізгі бағыттар ретінде ұсынылады. Мұнай өндіруді сақтай отырып, баламалы энергетиканы қатар дамытуға негізделген кезеңдік эволюциялық стратегия ең тиімді жол ретінде қарастырылады. Зерттеу нәтижелері өңірлік және ұлттық деңгейде стратегиялық жоспарлау мен инвестициялық саясатты қалыптастыруда қолданылуы мүмкін
Түйін сөздер
энергетикалық трансформация, мұнай саласы, декарбонизация, жаңартылатын энергия, сутегі энергетикасы, экономикалық әртараптандыру.