Аңдатпа
Мақаланың мақсаты Ақтөбе облысының ауылдық округ әкімдерінің қызмет тиімділігін арттыру үшін оқытудың тиімділігін зерттеу болып табылады. Мақаланы жазуда ғылыми зерттеудің талдау, жүйелеу және жалпылау әдістері қолданылды. Ауыл әкімдерінің қызметінің тиімділігіне әсер ететін факторлар анықталып, сол бағытта білімін жетілдіру мүмкіндіктері анықталды. Ғылыми мақаланы жазу барысында Ақтөбе облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы мен ҚР Мемлекеттік қызмет Істері Агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінен әкімдер, олардың қызметі туралы сандық мәліметтер алынды. Қазақстанда ауылдық әкімдерді сайлау жүйесін енгізу, ауылдық деңгейдегі әкімдердің құзыретін кеңейту, бөлек жергілікті ауылдық бюджет енгізу бойынша реформалар мемлекеттік биліктің атқарушы тармағының ең төменгі буынын нығайтуға мүмкіндік береді. Әкімдердің қызметінің тиімділігі олардың көптеген замануи білім мен әдіс-тәсілдерді меңгеруіне тікелей байланысты. Атап айтқанда, жобалық менеджмент, клиентке бағдарлану, қоғаммен байланыс, стресске төзімділік, шиеленістерді басқару, т.б. техникаларын меңгеру ауыл әкімдерінің түрлі жағдаяттарда икемді болуын қамтамасыз етеді. Зерттеу нәтижелері ретінде Ақтөбе облысы филиалында оқытылған ауыл әкімдерінің қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізіліп, одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірленді. Алдағы зерттеулер докторанттың ғылыми жұмыстарында көрініс табады.
Түйін сөздер
ауыл әкімі, құзыреттіліктер, әкімдерді оқыту, тиімді менеджер, әкімдерді бағалау, сайланған әкім, тыңдаушы мемлекет