Аңдатпа
Әлемнің барлық елдерінде – аймақтар географиялық жағдайының, табиғи-климаттық жағдайларының, демографиялық ахуалдың, даму тарихының және басқа да факторлардың айырмашылығына байланысты әлеуметтік-экономикалық дамудың әртүрлі деңгейіне ие. Бұл көптеген маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тудырады. Әрбір мемлекет артта қалған аймақтарда өмір сүру деңгейін жақсартуға, яғни жағдайларды теңестіруге және олардың даму деңгейін арттыруға бағытталған аймақтық саясатты жүргізуге ұмтылады. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасындағы нарықтық трансформация салдарынан болған аймақтық сәйкессіздіктерді анықтау және оның экономикалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін бағалау. Аймақтық сәйкессіздік дәрежесін және Қазақстан аумағының экономикалық дамуының негізгі трендтерін талдау үшін жалпы өңірлік өнім (ЖАӨ), жан басына шаққандағы ЖАӨ, халық саны, экономикада жұмыспен қамтылғандар саны, өнеркәсіп өнімінің көлемі т.б. сияқты көрсеткіштерді пайдалану ұсынылады. Ал аумақтың экономикалық әлеуеті мен оның бәсекелестік қабілеттілігін интегралды бағалау әдістері арқылы жүзеге асыру қарастырылады. Көрсеткіштердің бұл тобы аймақтың әлеуетін бағалау, оның маңыздылық дәрежесін (экономикалық дамуға әсер ететін) және өңірдегі экономикалық жағдайды сипаттайтын динамиканы өлшеу үшін ұсынылады.
Түйін сөздер
нарықтық трансформация, аймақтық сәйкессіздік, жиынтық аймақтық өнім, тұрғындар саны, жұмыспен қамтылғандар саны, интегралды бағалау